Енді Қазақстанда ҰОС ардагерлеріне төленетін төлемдер бірдей болады

0
56

Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 75 жылдығына орай ардагерлерге бірыңғай төлем көлемін белгілеуді тапсырды, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Үкімет үйінде Жеңістің 75 жылдығын Қазақстан Республикасында атап өту және оған дайындықты ұйымдастыру жөніндегі Ведомствоаралық комиссияның өткен отырысында Вице-премьер Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне әкімдіктермен және «ҚР Ардагерлер ұйымы» РҚБ Орталық кеңесімен бірге Жеңістің 75 жылдығына орай Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектеріне бірдей бір реттік төлем сомасын белгілеу мәселесін пысықтауды тапсырды.

– ҰОС ардагерлерін, тыл еңбеккерлерін, тарихи миссияны орындап, фашизмді жеңуге үлес қосқан қазақстандықтарды ардақтау жалпымемлекеттік ауқымдағы шара. Біз күш-жігерімізді оларды жан-жақты қолдауға бағыттауымыз қажет. Ешбір ардагер назардан тыс, қамқорлықсыз қалмауы тиіс, – деді Сапарбаев Жеңістің 75 жылдығын атап өту және оған дайындықты ұйымдастыру жөніндегі Ведомствоаралық комиссияның отырысында.

Сонымен қатар, жиын барысында Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары, Қарулы Күштердің Бас штабының бастығы Мұрат Бектанов тиісті шаралар Жоспарының жобасы туралы ақпаратты ұсынды.

Атап айтқанда, Ұлы Жеңістің мерейтолық жылында мынадай іс-шаралар жоспарланған:

– ҰОС жылдары қаза тапқан қазақстандық жауынгерлердің ескерілмей қалған молаларын және көмілмей қалған қалдықтарын анықтау бойынша іздеу жұмыстарын жүргізу;
– ардагерлердің ТМД елдерінің аумағында өткізілетін шараларға қатысуы;
– ардагерлерге әлеуметтік көмек көрсету;
– мерейтойлық медальдар тапсыру, мәдени-бұқаралық шаралар ұйымдастыру.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь