Среда, 21 февраля 2018   Подписка на обновления  RSS  Письмо редактору
Популярно
Екі күнге созылған ерекше шығармашылық кеш
19:03, 14 ноября 2017

Екі күнге созылған ерекше шығармашылық кеш


Кеше Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында, мәдениет қайраткері, айтыскер ақын, сазгер, Қарасай аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ермек Жұматаевтың шығармашылығына арналған «Ел еркесі елуде» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Аудандық мәдениет үйінде өткен дүбірлі сөз сайысына еліміздің әр өңірінен он ақын қатысып, ұлттық салт-дәстүрімізді, мемлекетіміздің жетістіктерін, өнер әлемінің қыр-сырларын тақырыпқа тұздық етті. Сөз қадірін жақсы білетін, шығармашылық ортада еңбек етіп жүрген ақын-сазгерлер бағасын берген айтыста жақында ғана Астанадан Жетісу жеріне қоныс аударған жас ақын Сырым Әуезхан басымдық көрсетіп, жүлдеге тігілген 500 000 теңгені жеңіп алды. Екінші орынға тараздық Алтынкүл Қасымбекова, үшінші орынға шымкенттік Жәкен Омаров ие болып, сәйкесінше сыйлықтарын еншіледі. Бұдан бөлек барлық басқа да қатысушылар қаржылай ынталандырылды.

Ал, бүгін аталған мерекелік шара Жамбыл ауданында жалғасын тапты. Ұзынағаш ауылындағы мәдениет үйінде Ермек Жұматаевтың «Күншуақ» атты кітабының тұсауы кесілді. Ел алдында мерейтой иесіне облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ақан Абдуалиев Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың Құрмет Грамотасын ұсынса,  аудан әкімі Махаббат Бигелдиев «Қарасай ауданының құрметті азаматы» атағын айғақтайтын төсбелгі мен лентаны тақты. Өзге де еліміздің мәдениет саласының майталмандары ақынға сый-сияпаттарын көрсетті. Жиналған көпшілік Е.Жұматаевтың әні мен сөзіне жазылған шығармалар орындалған концерттік бағдарламаны тамашалады.


Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

© 2018 Karasayinfo.kz | Новости Карасайкого района