Білімгерлердің дарындары сарапқа салынды

0
119

Оқушылардың білім жолындағы жан-жақтылығын дамыту, сапалы сауаттылықты арттыру, шығармашылық және интеллектуалды ой-қиялдарын жетілдіруді мақсат еткен Алмалыбақ ауылындағы орта мектеп-гимназиясы биыл да дәстүрлі «Дарынды мен талантты оқушылардың XVІ слетін» өткізуді ұмыт қалдырған жоқ, деп хабарлайды karasayinfo.kz желілік басылымның тілшісі.

Өткен аптаның сенбісіне жоспарланған байқау негізде өткен іс-шараға ауданға қарасты бірқатар мектептердің білімгерлері қатысып, ғылыми-зерттеу жоба, пікірталас алаңы, шешендік өнер, театр алаңы сияқты секциялар бойынша бақтарын сынады. Ал, оқушылардың осы аталған бағыттар бойынша талантты да дарынды қарым-қабілеттерін слетке арнайы шақырылған жоғарғы оқу орындарының оқытушылары бағалағанын айта кеткен жөн.

Іс-шарада алдымен аталмыш мектеп-гимназиясының акт залында ЖОО оқытушыларының қатысуымен шеберлік-сыныптар өткізіліп, талқыланған тақырыпқа сай педагогтер пікір алмасты. Одан кейін бір уақытта мектеп ішінде түрлі бағыт бойынша оқушылардың білім деңгейлері мен өнерлері сыналды. Оның әрбіріне ЖОО оқытушылары сарапшы ретінде қатысып, оқушылардың ғылыми-зерттеу жобалары мен әртістік қабілеттеріне қатысты кеңестерін беріп отырды. Сонымен қатар, осы слет барысында арнайы көрме де ұйымдастырылып, оған аудан мектептерінің атынан оқушылардың түрлі қолөнерлік туындылары да қойылған болатын. Еңбек жұмыстарын «Сымбат» дизайн және технология Академиясының оқытушылары бағалап, әрбірімен жақын танысып, шығу тарихына да назар аударды.

Білімгерлердің театралды байқаулары да көрерменді ерекше күйге бөледі. Қазылық еткендердің қатарында белгілі әзілкеш, театр актері Отаралы Колжан да болып, болашақ әртістердің таланттарына баға берді. Сахналық қойылым барысында қоғамда орын алып жатқан өзекті тақырыптар да қозғалып, шешімі бар мәселелерге қатысты ойлар да көрініс тапты.

Осылайша, Алмалыбақ ауылындағы орта мектеп-гимназиясының дәстүрлі түрде ұйымдастырған «Дарынды мен талантты оқушылардың XVІ слеті» ойдағыдай өтіп, оқушылардың зерделі ойға негізделген дарындылық қасиеттері тағы бір ұшталды деуге болады. Іс-шараның соңында жүлделі білімгерлерге аудандық білім бөлімінің міндетін атқарушы А.Біләловтың және осы мектеп-гимназиясының директоры С.Махамбетованың атттарынан мақтау грамоталары табысталды.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь