Білікті, тәжірибелі дәрігер

0
696

Медицина қызметкерері күні қарсаңында ақ желеңді абзал жандардың бірі Алтай Достияров жайлы әңгімелесек дейміз. Бұл туралы karasayinfo.kz желілік басылымында.

Өскенде дәрігер болуды армандаған бала Алтай, мамандықтан таңдаудан жаңылыспас үшін мектептен соң медицина саласына батыл бет бұрғандардың қатарында.

Сонымен алаш жұртының анасы – Сыр бойында туып-өскен, бүгінде аудандық орталық аурухана жарақат (травматология) бөлімшесінің меңгерушісі болып істейтін Алтай Достияров 1993 жылы Алматы медицина институтының (қазіргі С. Асфендияров атындағы Қаз ақ ұлттық медицина университеті) педиатрия факультетін бітіріп шығады. Алайда, интернатурадан травматология бойынша өтіп, осы салаға басы бүтін беріліпті.
Сол 1993 жылы Қарасай аудандық ауруханасы жарақат бөлімшесінде дәрігер-ординатор ретінде жұмысын бастаған Алтай Кенжеәліұлы 2003 жылдан бері оған нәтижелі жетекшілік етуде.
Жалпы, адам өмірі үшін күресетін дәрігерлердің бәрінің де еңбегі ерекше ғой. Дегенмен, жарақатты емдеудің өзіндік, бөлекше сипаты бар. Өйткені, бас-ми жарақаты, аяқ-қол, омыртқа жарақаты, жазатайым күйіп қалу, үсіп қалу, тіпті, ит қабу сияқты сырқаттан айығып шығу оңай емес. Ал, жарақат бөлімшесі, міне, негізінен нақ осындай ауру түрлерімен шұғыл «шұғылданады».
Бөлімшеде 40 төсек-орын бар екен. 7 травматолог-дәрігер (оның 5-уі жоғарғы санатты), бір медицина ғылымының кандидаты, бір күйік дәрігері, бір нейрохирург, 13 медбике, 8 кіші медицина қызметкері жұмыс істейді. Айтқандай, мұнда балалар да емделеді.
– Осы орайда айтатын бір жағдай, – дейді Алтекең үлкен жанашарлықпен, – кішкентай балалардың көп қабатты үйлердің терезесінен құлап кетіп мертігуі жиі кездеседі. Ит тістеген бүлдіршіндерді де алып келеді. Мұндай жай ата-аналарды қатты ойлантуы керек қой! Әйткенмен, олардың жақсылап қарамауының салдарынан балалар зардап шегіп жатады. Ал, 15-29 жас аралығындағылар арасында көшеде алған жарақат басым. Өйткені, түннің бір уағына дейін далада сенделіп жүріп, әртүрлі пәлекетке ұрынады…
Бөлімшеде, сонымен қатар, автокөлік апатына ұшырағандарға, Алматы-Бішкек, Алматы-Нұр-Сұлтан тас жолында зардап шеккендерге жедел көмек көрсетіледі екен.
Тәжірибелі медицина қызметкері, білікті дәрігер Алтай Кенжеәліұлы емдеу ісіндегі осындай жұмыстардың бәрін ұтымды ұйымдастыруымен үнемі көзге түсіп жүр.
Ол «Қазақстан денсаулық сақтау ісінің үздігі» атағының, «Денсаулық ісіне қосқан үлесі үшін» медалінің, «Алтын дәрігер» медалінің иегері, жоғары санатты дәрігер. Облыстан, ауданнан алған Грамота, Алғыс хаттарының өзі бір төбе.
Қызметінде әрдайым жақсы танылып жүрген Алтекең оңтүстік астанадағы «Нархоз университетте» оқытушылық қызметтегі зайыбы Гауһар екеуі өзара сыйластықпен өмір сүріп, бір ұл, бір қыз өсірген, яғни, олардың отбасында да адамдық шынайы береке-бірлік орныққан. Ұлдары Амантай да, қыздары Еркежан да Қазақ-Британ университетін қызыл дипломмен аяқтаған, айтқандай, екеуі де кезінде орта мектепті Алтын медальмен бітіріпті! Қазір Амантай халықаралық компанияда істесе, Еркежан Қ. Сәтбаев атындағы техникалық университетте сабақ береді. Ал, Асылжан атты немерелері атасы мен әжесінің нағыз көз қуанышы.
– әкем Кенжеәлі мен асыл анам Қарлығаш жас кезімнен маған әрдайым адамдықтың ақ жолын нұсқап, адалдық арнасына апарар ақыл- кеңесін құлағыма жалықпай құйып отыратын, – дейді Алтекең тағы да. – Бүгінде аз да болса жетістікке жетсем, сол кісілердің тәлім-тәрбиесінің арқасы деймін. Осы жерде мынаны да айта кетсем артық болмас. Құдай қосқан қосағымның әкесі, қадірменді қария Қуандық Сабыров кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа үш-төрт рет бата берген, бұл да үлкен құрмет қой деп ойлаймын.
Біздің байқауымызша, ол кісі өз мамандығының шынайы шебері болуымен қатар, қазақтың ескі сөздері мен Абай, Шәкәрім, Мұхтар сияқты ғұлама, данышпандардың айтқан даналық сөздеріне де үнемі құлақ түріп жүреді екен, керекті кезінде өзгелерге әдемілеп айтып та беретін көрінеді.
– Алты отбасы жақсы араласамыз, – дейді білгір дәрігер. – Ай сайын дерлік бас қосамыз, сондайда бәріміз бір тақырыпқа арнайы дайындалып келеміз. Білгенімізді айтамыз, білмегенімізді анықтаймыз…
Бұл да өзгелер үлгі аларлық, басқалар үйренерлік үрдіс екен.
Мерекеңізбен, Алтай Кенжеәліұлы!

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь