Биіктікті бағындырған белсенділер

0
225

Мемлекеттік қызметкерлер мен журналистер «Үлкен Алматы шыңын» бағындырды, деп хабарлайды karasayinfo.kz желілік басылымның тілшісі.

«Параға емес, биіктікке ұмтыл!» Иә, дәл осындай ұранмен өткен аптаның сенбісін саяхатқа арнаған Алматы облысының мемлекеттік қызметкерлері «Үлкен Алматы шыңын» бағындыруға бел буып, жақсы бастамада белсенділіктерін танытты. Олардың күнделікті қызметіндегі тынымсыз тіршіліктен бір сәт қол үзіп, алып шаһар Алматының тау беткейінде демалу әлдеқайда пайдалы екені жүздерінен-ақ байқалып тұрды. Жалпы, осындай табиғат аясында ұйымдастырылған шараға Алматы облысының ішкі саясат басқармасы мен осы облыс бойынша ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Департаменті себепші болғанын айта кеткен жөн. Басты мақсат – мемлекеттік қызметкерлер арасында саламатты өмір салтын дәріптеп, олардың спорттық шеберліктерін шыңдау және еліміздегі туризм саласын дамыту.

Таң бозынан Жетісу жерінен Алматыға арнайы келген белсенді қызметкерлер бір топ облыстық БАҚ өкілдерімен бірге Алмарасан шатқалына бет алып, Қырғызстан шекарасына қарай жол тартты. Басар таудың шыңына бастайтын жолдың бойында көк-жасыл көрікті Үлкен Алматы көліне қызықпайтын адам жоқ шығар, сірә! Саяхатшылар бұл су айдынына қайтар жолда арнайы тоқтайтын болып, алдымен Үлкен Алматы шыңын бағындыруды жөн санады. Жалпы, бұл тау – Солтүстік Тянь-Шань тауының заңғар биіктерінің бірі. Пирамида тәріздес болып көрінетін шың теңіз деңгейінен 3681 м биіктікте орналасқан.

Сонымен, соңғы межеге жетуді мақсат еткен қызметкерлер мен БАҚ өкілдері ашық аспан аясында Үлкен Алматы шыңына жетіп, ару қала Алматыны алыстан тамашалады. Таудың биік нүктесінде таныстықтары одан әрі артқан белсенділер арқа-жарқа қызықтарын айтып, дәл осы биіктікті бағындыруды білдіретін жалаумен естелік суретке түсті. Осылайша, діттеген мақсатына жеткен саяхатты сүйетін жандар қайтар жолда өздеріне уәде еткендей, Үлкен Алматы көліне арнайы аяңдап, тылсым табиғаттың көркем көрінісіне көз тастады. Бұл су айдынының бір ерекшелігін айтар болсақ, көпшілікке беймәлім құпиясы бар, яғни, оның түсінің үнемі өзгеріп тұруы. Көлдің түсі бірде көкшіл болса, енді бірде көк-жасыл түске айналады. Ал, түнгі тыныштық кезінде демалушылар судан ерекше әсер алатын көрінеді.

Міне, осылайша сенбіні серуені мемлекеттік қызметкерлер мен журналистер үшін ұмытылмас күндердің біріне айналды. Сондай-ақ, бірлігі жарасқан белсенділер тау бөктерінде қазақтың халық әндерін қосыла шырқауын да осы саяхат барысында орын алған ерекше сәттердің бірі деп те айтуға болады.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь