Бақ сынасқан баскетболшылар

0
1682

Аудандағы спорттық бәсекелердің қатары бұл жолы «1 желтоқсан – Қазақсан Республикасының Тұңғыш Президент күнін» атап өтумен де есте қалды. Аптаның алғашқы күнінде Іргелі ауылдық округіне қарасты Кемертоған ауылының орта мектебінде баскетбол спорт түрінен тартысты турнир өткізілді. Іргелі ауылдық округі әкімінің жүлдесін сарапқа салу үшін ауданымызға қарасты бірнеше мектептер жиналып, басы-аяғы 13 команда жарыс алаңын жандыра түсті.

Баскетболды сүйетін жастар жартылай финалда кездесетін өз бақталастарын 4 топқа бөліну арқылы анықтап алды. Нәтижесінде І жартылай финал Кемертоған және Шалқар ауылдарының орта мектептері арасында өтетін болса, ал ІІ жартылай финалды Әйтей ауылының Б.Қосынов орта мектебі мен Іргелі ауылдық округінің Л.Толстой орта мектебі өзара сарапқа салды. Бұл кезеңнің қорытындысы бойынша финалдық бәсекеге Шалқар және Л.Толстой орта мектептерінің спортшылары жолдамаға ие болды.. Сонымен қос мықты команданың ойын өрнегі ақтық сынға лайықты дәрежеде өтіп, Іргелі ауылдық округінің атынан келген Л.Толстой мектебінің баскетболшылары  чемпиондық атаққа қол жеткізді. Жарыстың жеңімпазы ретінде оларға «Іргелі ауылдық округі әкімінің кубогі» табыс етілсе, ал, қола жүлделі ІІІ орын Әйтейліктердің қанжығасына бұйырды.

Сондай-ақ, бұл жарыста жеке-жеке ынталандыру сыйлақтары да болды. Мәселен, «Үздік бапкер» номинациясын жарыс жеңімпазының бапкері Берік Шахановқа берілсе, «Үздік ойыншы» деген атқа Шалқар орта мектебінің команда ойыншысы Дінмұхаммед Далдаев лайық болды. Одан бөлек, чемпиондар командасынан Бауыржан Тәңірберген «Үздік шабуылшы» болып танылды.

Барлық жүлдегерлер мен жарыс жеңімпаздарының бағалы сыйлақтарын Іргелі ауылдық округі әкімінің орынбасары Ескендік Егеубек өз қолымен табыстап, жарысқа қатысқандардың барлығын келе жатқан Тұңғыш Президент күнімен құттықтады.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь