Четверг, 22 февраля 2018   Подписка на обновления  RSS  Письмо редактору
Популярно
Өмірге ғашық, сұлулық сыйлауға асық жан
9:39, 01 марта 2017

Өмірге ғашық, сұлулық сыйлауға асық жан


Жібек Әділханқызы осыдан он жыл бұрын атамекенін аңсап, аспан асты елінен Қазақстанға оралған қандасымыз. Бойына бірнеше өнерді қатар жиған кейіпкеріміз бүгінде қоршаған ортасында өз орынын қалыптастырып, қоғамдық шараларда төбе көрсетіп, көзге түсіп те жүр. Бұдан бөлек, саламаттылық пен сұлулыққа құштар жанның бойға жинаған бар білім-білігінің арқасында сылап-сипау, косметологиялық тазалау кабинеттерін ашып, нәтижелі жұмысының арқасында үлкен мен кішінің алғысына кенеліп жүргендігін де айтқанымыз абзал.

Қаскелең қаласындағы «Дельфин» спорт кешенінің төменгі қабатында орналасқан Жібек апайдың жұмыс орнына енгеннен-ақ, лезде жайлылық пен жылылықтың лебі сезілетіндей. Бірі адам денесіндегі маңызды нүктелерге дәлдеп жасайтын массажға, екіншісі бетті түрлі дақтардан, әжімдерден тазалауға лайықталған қос бөлмеден адам аяғы сиремейтін көрінеді бұл күнде. Негізінен, мұнда шебердің шипалы қолының шарапатына орта жастағы әйелдер мен түрлі дертке шалдығып, даму қабілеті төмендеген балалар жүгінеді екен. Косметологиялық тазалау кабинетіндегі Қытайдан әкелінген екі құрылғының ерекшелігіне келсек, олар арнайы минералды су құйып, тас салу арқылы бетті бу арқылы нәрлендіретін болып шықты. Сонымен қатар, тағы бірі көздің айналасындағы қатпарларды кетіріп, әжімдерді тегістеуге жәрдемдеспек. Жалпы барлық әрекеттер жарты сағат ішіне топтастырылатын мұндай бір үрдіс аптасына жалғыз рет қана жасалуы тиіс. Ал, шынай нәтиже оны үзбей он рет қайталаған соң анық байқалатынын да алға тартады маман. Бұдан бөлек, кейбір жас босанған әйелдер әдейілеп келіп ішіне және беліне жұмыртқамен массаж жасатады екен. Оның тән сұлулығын қайта қалпына келтіруге көмегі зор. Жоғарыда айтқанымыздай, сылап-сипаудан сергектік қана сезініп қоймай, дертіне дауа тауып, кеудесіне ертеңіне деген зор сенім ұялатқан балдырғандар да бар екен. Соның бірі Дастан есімді бала бес жасқа келгенше тілі шықпай, түнде ұйықтай алмай қиналған көрінеді. Үш айға жуық апайдың қызметіне жүгінген ол қазір қатарластары сынды сөйлеп, ойнауға жараған. Ара-тұра тіршіліктегі екінші тынысын ашқан сүйікті апасына хабарласып, қал-жағдайын сұрап тұруды әдетке айналдырған.

Осы айтылғандардан басқа, Жібек Әділханқызының аудармашылығы тағы бар. Қазір қытайлық дәрігердің тілмашы болып та қосымша жұмыс атқаруда. Сонымен қатар, кабинетінде әйелдердің әдемілігін айшықтап отыратын бұл кісіні сахна төрінен ұлттық нақышта киінген ақылман ана ретінде де байқап қалуыңыз мүмкін. Олай дейтініміз, кейіпкеріміз әнші Қалбибі Абдуллаеваның жетекшілігіндегі Үшқоңыр «Ақ әжелер» ансамблінің құрамына да кірген. Қазір кейбір тойларда төбе көрсетіп, көбіне ауданымыздың қоғамдық шараларынан қалыс қалмайтын аналар тобымен қосыла халықтық танымал шығармаларды шырқап қана қоймай, өзі жеке дауыста «Шилі өзен қамысы-ай», «Айқаракөз», «Ақ бөпем» сияқты әндерді әуелете орындап жүр.

Ана демекші, Жібек апайдың екі ұл, екі қызды өмірге әкеліп, тәрбиелеп өсіріп, ел қатарына қосып қойғанын да айта кеткен артықтық етпес. Үлкені Әминұр Қытайда белді фирма қызметкері, екінші қызы Нұрқат бірнеше тілді жетік меңгерген мықты маман. Бұл ретте оның «Көк тудың желбірегені» әнімен елдің ықыласына бөленген Алмас Ахметбектің келіні, киелі қара шаңырақтың иесі екендігін де тілге тиек ете кеткен орынды. Кейіннен қатар туған Тілек пен Жәнібек те бұл дүниенің тетігіне бір-бір кірпіш болып қаланған жандар. Әсіресе, алғашқысы анасының мақтанышы. Қазақтың салт-дәстүрін жандандыруға, ұлттық құндылықтарымызға деген өскелең ұрпақтың қызығушылығын арттыруға талпынып жүрген жас талант. Дизайнерлік шеберлігін шыңдап келе жатқан Тілек жақында ауданымызда жақсы бір тігін цехын ашпақ көрінеді. Кенже бала да қатарынан қалыспай, Алматыдағы белді бір мұнай компаниясында қызмет етуде. Ал, олардан тараған бес немере әжелерінің көз қуанышына айналған. Тек, аталары Сұлтанның ерте өмірден озып, осы шаңырақ шаттығын қатар бөлісе алмағанына аздап өкініш білдіреді ардақты ана.

Тағдырдың жазуы болар, шетте тудық, өсіп өндік. Алайда, атамекенге деген сағыныш бала кезден әрдайым жүрек түбінде ұялап тұратын еді. Қазақстан егемен ел болған соң бабалар топырағын басудың бақыты бұйырды… Ұрпағымыз өзге елдің сұлтаны болғанша, өз елінің ұлтаны болсын деген ниетпен, пайдамыз тисе туған халқымызға тисін деген пейілмен қоныс аудардық- дейді Жібек апа тебірене…- Құдайға тәуба, қазір біреуден ілгері, біреуден кем, қатардан қалыспай Қошмамбет ауылында күн кешіп жатырмыз. Басты арманымыз орындалды. Ендігі тілек бала-шағамның бақытты жүзін, жарқын жетістігін көрсем болғаны. Өйткені бала бақыты ол – ана бақыты, яғни, менің бақытым…


Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

© 2018 Karasayinfo.kz | Новости Карасайкого района