Четверг, 22 февраля 2018   Подписка на обновления  RSS  Письмо редактору
Популярно
Еңбекке құштар етікші
22:35, 16 марта 2017

Еңбекке құштар етікші


«Ерінбеген етікші болады, ұялмаған өлеңші болады» деген халық тәмсілі кейіпкеріміз Тілек үшін тура айтылғандай. Өйткені, күндіз-түні көз майын тауыса отырып, он рет өлшеп, бір рет кесіп, неше жүз майда шегені мүлт кетпей қаз-қатар тізіп, қолға алған аяқ киімді қонымды етіп тігіп, оны оймақтай етіп оюмен келістіріп көмкеру ең алдымен үлкен шыдамдылықты, сосын таусылмас төзім мен ептілікті талап ететіні анық… Ал, әлі орда бұзар отызға да толмаған шағында 500-ге жуық етік жасап шығарған кейіпкеріміз үшін бұл күнкөрістен бұрын бала күннен бері қызығушылығын оятып, шеберлігін шыңдай түскен хоббиі.  

Осыдан он жыл бұрын отбасымен бірге атамекенге қоныс аударған Тілек аспан асты елінің шалғайындағы қандастарымыз мекендеген қазақы ауылда туып-өсіп, сол жерде ұлттық өнеріміздің керемет құндылықтарын санасына сіңіріп, ерекшеліктерін бойына жинап өскен. Әсіресе, оюға деген көзқарасы өзінше бөлек. Мектеп партасында отырып оқулықтардың барлық ашық жерін түрлі кесте-кескінге толтыратын оған сол кездек-ақ үлкен апа, әжелері әдейілеп келіп алаша, кілемге арнайы ою сыздырады екен. Олардан бөлек, көршілес қоныстанған  ұлты ұйғыр етікші шал Әбдікерімнің кәсібі де таңсық көрініп, ертелі кеш қасынан кете алмаған бозбала, үнемі тігілген кебістерді кестелеуге құмарта беріпті…

Он сегіз жасында Қазақстанға табан тіреген кейіпкеріміздің алдына қойған басты мақсаты жоғары білім алу болатын. Алайда, алғашқы жылы студент атана алмаған ол көп ойланбастан бойындағы қабілетін қажеттілікпен ұштастырып, шағын кәсібін ашуды жөн көреді. Алматыдағы «Сайран» автобекетіндегі кішкентай ғана дүкен көп ұзамай-ақ, ою-өрнекпен көмкерілген, таза теріден жасалған сапалы  киімге қызығатын қарапайым адамдардың ғана емес, танымал өнер тарландарының арнайы іздеп келетін орнына айналып кететінін ол кезде ешкім, тіпті, болжамаған да. Әсіресе, әншілер мен бишілер ұжымдары үшін тәуліктеп ұйқы көрмей етік тіккен күндерін, қазақ эстрадасында ұлттық нақыштағы киімдерімен және рухыңды жани түсетін репертуарларымен жарқырай көрінген «Алашұлы» мен «Тұран» топтарының тапсырысын орындаған кездегі ерекше сәттерді ыстық ықыласпен еске алады.

Алғашқы жылы түсе алмаған оқуына Тілек келер жылы қайта тапсырып, Алматыдағы шет тілдері және іскерлік карьера университетін түрік тілінің аудармашысы ретінде жақсы бітіріп шыққан. Түске дейін дәріс залынан табылып, түс ауа жұмыс орынына асығып жүріп, жоғарғы білімнің дипломына ие болған кезде ол Қызылорда қаласына белді бір мұнай компаниясына аудармашы ретінде шақырылып, қызмет бабымен төрт жыл сол жақты мекендепті. Сөйтіп, бес жыл бойы ісі дөңгелеген шеберхана осылай жабылыпты…

Кейінгі жылдары Алматыға қайтып келіп, тілмаштыққа тер төге кіріскен жас жігіт бір жарым жыл бұрын шаңырақ көтеріп, Айчүрек есімді қырғыз қызын бақыт құсы етіп қолына қондырыпты. Осы жақында ғана Еркеназ есімді тұңғышын бауырына басқан жарасымды жұп аналарымен бірге Қошмамбет ауылына қоныстанған.

  • Етік тігуді біреулер қиын жұмыс немесе жайғасып алып балғаңды тықылдатып отырып жинап алатын оңай ақша деп топшылайтын шығар…-дейді Тілек Сұлтан бізбен әңгімесінде , — мен үшін бұл сүйікті іс, немесе, жаныма жақын хобби. Осы жақында ғана, наурыздың алдында, қазақша жыл басында, Қаскелең қаласындағы Абылайхан мен Райымбек көшелерінің қиылысында жеке шеберханамды аштым. Ондағы мақсат – әрине, «Етікшіні
    балға мен біз асырайды, егіншіні кетпеннің жүзі асырайды» дегендей, біріншіден күнкөріс пен жанбағыс болғанымен, арғы жағында ұлттық құндылықтарымызды жаңғырту және қолөнерді дамыту, әсіресе, жас буынның осы ерекше кәсіпке деген қызығушылығын арттыру деген үлкен мүддем де бар. Менің ойымша, қазіргі кезде қазақы ою-өрнекті замануи стильмен ұштастыруға мүмкіндік зор ғой және қоғамда ондай киімдерге сұраныс та бар. Сол себептен, келешектен күтер үмітім мол. Барша қарасайлықтарды Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын. Бірлік пен татулығымыз бекем боп, ырыс-құтымыз таси берсін!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

© 2018 Karasayinfo.kz | Новости Карасайкого района