Среда, 21 февраля 2018   Подписка на обновления  RSS  Письмо редактору
Популярно
18:22, 14 марта 2017

Заңғар биікке талпынған Зағипа


Қазіргі кезде елімізде қай салада болмасын, жұмысының көрігін қыздырып, өнімін оздырып, кей жағдайда ерлерден асып, табыстың тайқазанын басып жүрген әйелдер аз емес. Оның ішінде қыр-сыры мол мал шаруашылығына қызыққан нәзік жандыларымыз да жетерлік. Солардың бірі – үшқоңырлық Зағипа Өнерханқызы.

Зағипа апай Монғолия елінен 1991 жылы қоныс аударғалы бері жеке кәсіппен айналысып, алғашында үй жиһаздарын шығаруды қолға алған екен. Қазақстандық жиһаз өндірушілердің бірі және бірегейі ретінде ол көп ұзамай өзінің табандылығымен ауданда ғана танылып қоймай жалпы елімізде жақсы еленіпті. Онымен қоса, талантты азаматтарға өзінің білгенін үйретіп, көргенін айтып, қолдап жүретіні де рас. Ия, алдына мақсат қоюдан тайынбайтын, ерге тән ерлігі, батыл, тіпті, батырлығы да бар Зағипа апай былтырғы жылдан бері мал шаруашылығы бизнесін дөңгелетуге кіріскен. Бұл ретте мемлекет беріп отырған мүмкіндікті мүлт жібермей, Ауыл шаруашылығын қолдау қорынан 6 млн.-ға жуық пайызы төмен несие алған. Кәсіпкер бүгінде «Зағипа» атты өзінің шаруа қожалығында 30-ға жуық ірі қара малды асырап, 2 адамды жұмыспен қамтып отыр. Болашақта олардың санын арттырып, сүт өнемдерін сататын сауда орнын ашсам деген жоспары бар. Айналадығы жұмыссыз жүргендерге қарап көңілі құлазитын іскер әйел, адамдар қай салада болмасын қарастырылып жатқан көмектерді пайдаланса, еліміздің, жеріміздің көркейуіне ықпалын тигізсе және тек малды бордақылаумен емес, пайдасы көп, сүт өнімдерін шығаратын салаға өтсе екен деген тілегін де жеткізді.

  • Бүгінде сүт өнімдерінің басқа елдерден келетініне байланысты, олардың дәрумендері аз, сапасы төмен, әртүрлі қоспамен дайындалып бізде саудалануда. Жұрт оның ішінде бағасына қарамай, швецариялық, қырғыздық сыр, сүт деп қымбатын сатып алуда. Алайда, олардың сапасын бақылап, кепіл беріп жатқан ешкім жоқ. Осыны ескеріп, неге өз елімізде сапалы өнім өндірмеске, халықты жақсы тамақпен қамтамасыз етпеске? Біздегі табиғи, сапалы ақтамақтың тапшылығын жойып, осы кәсіпті неге дамытпасқа деген оймен мал шаруашылығын қолға алдым. Бір жағынан басқа елдерді алып қарасаңыз, мысалы, Түркия елін аралап көргенімде, ол жерлердегі табиғи өнімнің көптігі соншалық, сүтті, айранды 1 литрдан 5 литрге дейін шелек-шелектеп саудалайды. Бағасыда анағұрлым арзан. Ең бастысы өте пайдалы. Сондықтан да, қиыншылығына қарамай қанша шығын шықса да, осы бағытты дамытамын деп шештім. Тағы бір қуантарлық жайт, бұл салаға ауыл шаруашылықты қолдау қоры да көп еңбек сіңіріп, көмек көрсетіп, тиімді несие де беріп жатқанында естіп, білдім. Әрине, сол көмек қаржыны менде алып аталған бағытты көркейтуге кірістім, – дейді Зағипа апай.

Алдағы жақын уақытта бұл қолға алған ісінен айтарлықтай пайда көре қоймайтынын кейіпкеріміз жақсы біледі. Алайда, ол үшін басты мақсат – қандай да бір қаржылай табыс емес, маңыздысы – осы шаруаға деген өзге де жерлестерінің, әсіресе, жастардың ынтасын ояту. Таудай талап, қажырлы еңбекпен біріксе алынбайтын асу жоқтығын дәлелдеу. Халықты табиғи таза сүт өнімімен қамтамасыз ету. Ол үшін болашақта сүт өңдеу зауытын орнату. Міне, осының барлығы бүгінгі жүзінде қарапайымдылық пен қайырымдылық қатар тұнып тұрған кәсіпкер әйелдің, төрт баланың анасының, асыл азаматының аяулы жарының асқақ арманы.

Бақдәулет ТАЛИПОВ.


Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

© 2018 Karasayinfo.kz | Новости Карасайкого района