Мал өсірсең, мол өсір демекші, бүгінде өз кәсібінен нәсібімді тапсам деген ниетті жандар аз емес. Олардың арасында жүйелі бизнесін бастаған Сәуле Хасенова да бар. Тәжірибелі кәсіпкердің негізгі ойы – жылқы шаруашылығын дамытып, табиғи өнімдерін халық назарына ұсыну.

Қазіргі кезде нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы кәсіп ашам деушілерге өте тиімді. Осындай мүмкіндікті пайдаланып отырған Бекболат ауылдық округіне қарасты Қайнар ауылының тұрғыны Сәуле Әбікенқызы. Бизнеске жаны жақын кәсіпкер біз айтып отырған бағдарламаның екінші бағыты бойынша, мемлекеттен шағын несие алып, сол қаржыға 10 ірі қара сатып алған. Мақсаты – сол жылқылардың санын көбейтіп, әрі оның емдік қасиеті бар сүт өнімдерін халық игілігіне жұмсау.

Сәуле Хасенова бұған дейінде мұндай табысты іспен айналасып, еңбек еткендердің қатарында. Кейін мемлекеттік бағдарлама бойынша «Бизнес бастау» жобасын естіп, оның арнайы кәсіптік оқуын оқиды. Курсты сәтті аяқтап, жылқы тұқымын дамыту үшін «Ата жолы» жеке кәсіпкерлігі арқылы жұмыспен қамту орталығынан шағын несиеге жолдама алған. Соның арқасында бүгінде 10 бас жылқының үшеуі қорасында, қалғаны қыстық жайылымда. Көктем мезгілі жеткенде, бие сауып, қымыз-саумал ашытып, мал бастарын төлдету жоспарда бар екен.

Киелі жануарға жаны жақын Сәуле Әбікенқызының ендігі үлкен арманы – шағын кәсібін үлкен шаруашылыққа айналдырып, жұмыссыз жүрген жандарды жұмыспен қамту.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь