Среда, 21 февраля 2018   Подписка на обновления  RSS  Письмо редактору
Популярно
Аудан әкімі тұрғындар алдында есеп берді
19:18, 23 января 2018

Аудан әкімі тұрғындар алдында есеп берді


2017 жыл қарасайлықтар үшін табысты әрі берекелі жыл болды. Барлық саладағы межеленген жұмыстар өз деңгейінде орындалып, әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері арта түсті. Бірқатар маңызды нысандар бой көтеріп, жаңа өндіріс орындары ашылып, тұрғындар жұмыспен қамтылды. Оның барлығы бүгін Елтай және Жаңашамалған ауылдық округтерінде өткен аудан әкімі Махаббат Бигелдиевтің халықпен есепті-кездесулерінде кеңінен әңгіме арқауына айналды.

Түске дейін Махаббат Садуақасұлы өзінің барлық орынбасарларымен және тиісті қызмет басшыларымен, қоғамдық ұйым өкілдерімен Береке ауылындағы Бейсебаев орта мектебіне ат басын бұрды. Осындағы мәжіліс залында өткен жиында, алдымен, белгіленген регламентке сай, Елтай ауылдық округінің әкімі Бақыт Жұманбаева өткен жылы атқарылған іс-шаралар жөнінде есеп берді. Өз сөзінде округ әкімі былтыр екі мектеп іске қосылып, сегіз елді мекенде «Балапан» бағдарламасымен сегіз жекеменшік балабақша  ашылғанын,  Береке  ауылында 300 орындық тағы бір бөбекжайдың құрылысы жүріп жатқанын айтты. Бұдан бөлек, инвестицияға тарту бойынша, кәсіпорындар іске қосылғанын, «Нұрлы жол»  бағдарламасы  аясында  Алматы-Шу  теміржолына  екінші темір жол желісі мен шойынжол өткелінің орнына автокөлік және жаяу жүргінші жүретін көпір салынғанын, сол арқылы аумақ  тұрғындарын көптен  бері  мазалап жүрген автокөлік кептелісінің мәселесі шешілгенін тілге тиек етті. Сонымен қатар, өткен жылдың үлкен жетістігі ретінде ескі  мәдениет  үйің жеке азаматтың  қолынан   мемлекетке қайтарылуы екеніне ерекше тоқталып, елтайлықтар атынан осы мәселені шешуге тікелей атсалысқан аудан басшысына үлкен алғыстарын жеткізді.

Есепті-кездесу жиынында Махаббат Садуақасұлы әдеттегідей, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын баяндама арқылы емес, өз сөзімен, нақты дерек-дәйектерге сүйене отырып жеткізді.

Жарыссөзге шыққандардан, жалпы халық тарапынан әкімге деген бір ғана сұраныс естілді. Ол – мемлекет теңгеріміне қайтарып алынған мәдениет үйін жөндеуден өткізу еді. Махаббат Садуақасұлы өз кезегінде бұл мәселені шешу үшін тиісті шаралар қолға алынып жатқандығын айтып, жиынды тұрғындарға деген жақсы тілегімен түйіндеді.

Түстен кейін болған Жаңашамалған округіндегі есепті кездесу де осындай түсіністікке толы жағдайда өтті. Шамалған бекетіндегі қазақ орта мектебінің жиынжайында ұйымдастырылған тұрғындармен жүздесуде алдымен ауыл әкімі Ғалия Аманова мінберге шығып, округтің даму қарқыны жайында кеңінен мәлімет берді.

Өткен жылы бірқатар әлеуметтік мәселелер шешімін тапқандығын тілге тиек еткен баяндамашы олардың қатарында Ы. Алтынсарин мектебіне 600 орындық жапсарма салу үшін  жобалық-сметталық құжаттама дайындалып, сараптама жасалып жатқандығын, Шамалған бекетінде «Балапан» бағдарламасы бойынша   төрт балабақша ашылғанын, бірқатар көшелер жөнделіп, Көлашы ауылында «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында салынған 600 орындық  мектеп пайдалануға берілгенін, осында жаңа  аурухана салу  үшін 1 га жер телімі бөлініп, құжаттары рәсімделіп жатқанын мәлімдеді. Жарыссөзге шыққандар болса, әсіресе, осы округ арқылы өтетін шойынжол жанында пайда болатын көлік кептелісінен құтылу үшін аспалы көпір салып беруге ықпал етуді сұрады. Одан бөлек, биыл Ә.Байсалбаев мектебіне 100 жыл, мектептің аты берілген тарихи тұлғаға 120 жыл толатыны айтылып, аталған білім ордасына күрделі жөндеу жүргізу қажеттігі сөз болды. Өзге де айтылған мәселелерді сол жерде тиісті қызмет басшыларына шешуді тапсырған Махаббат Садуақасұлы Елбасы биылғы Жолдауы арқылы барша қазақстандықтарға жаңа мақсат-міндеттер жүктеп отырғанын тілге тиек етіп, халыққа әрдайым осындай береке-бірлікте, ауызбіршілікте болуды тіледі.

Есепті-кездесу жиындарын аудандық мәслихаттың хатшысы Айтбай Көшкімбаев жүргізіп отырды.


Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

© 2018 Karasayinfo.kz | Новости Карасайкого района