Ұлттық өнерді 40 жылға жуық серік етіп жүрген үлгілі жанұя 2000 жылдары Жамбыл ауданынан Қарасай ауданына қоныс аударған. Қазақи нақышта талай тың дүниелерді жарыққа шығарып келе жатқан «Шебер жанұя» жеке кәсіпкерлігінің бүгінгі таңда екі шеберханасы бар. Оның бірі – аудан орталығы Қаскелең қаласында болса, екіншісі – Алматы қаласының іргесіндегі «Таусамалы» елді мекенінде орналасқан. Он саусағынан өнер тамған отбасы мүшелерінің қай-қайсы болмасын ұлттық өнерді жанына жақын тартып, дәстүрлі өнерді жаңғыртумен айналысып келеді. Отбасының отағасы – Бекдайыр Қоңыр ағамыз қолөнер жолы оңай еместігін айтып, еш қиындыққа қарамай еңбек етумен қатар өзінің ұл-қыздарын да өнерге баулып келеді.

Ағамыздың өмірлік жары Анаркүл анамыз қазіргі таңда келіні Меруерт екеуі   отбасылық кәсіптің дөңгелеуіне құрақ-көрпе, кестелеу сияқты тоқымалы өнермен өз қолғабыстарын тигізуде. Тоқыма дүниелерінің ішінде әулеттің шежіресі кесетеленген мына бір керемет туындыны ерекше айтуға болады. Ал, жарасымды жанұяның ұлдары бала кезден бері әкелерінің шеберлік қасиетін бойларына сіңіріп, өздерінің өнер жолындағы қолтаңбаларын қалдырудан жалыққан емес. Үйдің кенжесі, егіздің сыңары Еркежан болса, тоқымашылық өнерді дамыту мақсатында өзінің жеке шеберхана мектебін қалыптастырып, кестелі дүниелерді жаңғыртып келеді.

Отбасылық кәсіпті несібесіне айналдырған өнерлі жанұяның осы уақытқа түрлі көрмелер мен фестивальдер аясында жеткен жетістіктері де аз емес. Әсіресе, Қоңыр ағамыз бір кездері көрме барысында Елбасымен қол алысып, ол кісінің мақтау айтқан сөздерін ерекше есте қалғанын айтады. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші ұрағына қазақ өнерінің қасиетін ұғындырып, ұлттық өнердің жандануына үлес қосып жүрген Бекдайырлар отбасына толағай табыстар мен жемісті жетістіктер тілейміз.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь