«Анаға құрмет» музейі «Үздік мәдениет мекемесі» атанды  

0
270

Конституцияның 25 жылдығына орай Алматы облысының әкімі  Амандық Баталов бірқатар азаматтарға наградалар тапсырды. Олардың қатарында,   «Үздік облыстық мәдениет мекемесі» атанған қарасайлық «Анаға құрмет» музейі де бар.   Осы бір мәртебелі марапаттары үшін музей ұжымына су жаңа автокөлік кілті берілді, деп хабарлайды karasayinfo.kz  желілік басылымның тілшісі.

Ата Заңымыздың ширек ғасырлық тарихына арналған  мерекелік медалімен облыстағы әр түрлі саланың қызметкерлері наградталды.  Сонымен қатар,   осы жиында мәдениет саласының бірқатар қызметкерлері өткен кәсіби мерекелеріне байланысты және Конституция күніне орай бөлек марапатталды. Атап айтқанда,  Амандық Ғаббасұлы өз қолымен облыстағы  жас музейлердің бірі «Анаға құрмет» музейінің меңгерушісі Аршагүл Тойбаеваға  «Үздік облыстық мәдениет мекемесі» дипломы мен қызметтік жеңіл көліктің кілтін табыс етті.

Жалпы,  Жетісу жерінде жиырма бес музейдің  ішінде «Анаға құрмет» музейі жаңа мәдени орындардың бірі. ТМД елдерінде баламасы жоқ шынайы құндылықтардан сыр шертетін «Анаға құрмет» музейі ауданымыздағы Райымбек ауылдық округінің аумағында орналасқан. Әйел адамдардың сонау ықылым заманнан бергі күндегі қолданыстағы бұйымдары жинақталған ғимараттың бой көтергеніне биыл бес жылдығын халықаралық деңгейде атап өтті. Музей қызметкерлері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын өскелең ұрпаққа насихаттау, түсіндіру жолында мектеп оқушыларына рухани тақырыпта дәрістер, экскурсиялар ұйымдастырып белсенділік танытып келеді.     Өткен жылы Қарасай ауданының 90 жылдық мерейтойында «Анаға құрмет» музейі «Даланың дана арулары» атты халықаралық фестивал өткізіп көзге түскен еді. Бір емес, жеті бірдей тақырып қамтыған фестиваль, 2019 жылы облыс аумағында ұйымдастырылған, мәдени шаралардың бірі еді.  Оның  аясында алғаш рет «Қоянкөз» тарихи драмасы сахналанып, музей меңгерушісі А.Тойбаеваның «Даланың дана арулары» атты кітабының тұсауы кесілді.

Әрине, бұл марапаттар ауданымыздың  мәдениет  өлкесіндегі ерен еңбегі еленуінің белгісі деуге толық негіз бар. Сондай-ақ, бұл жеңістер алдағы уақытта да қасиетті Қарасай жерінің рухани қазынасын жаңғыртып, бұдан да жоғары жетістіктерге жол ашары сөзсіз. Құттықтаймыз!

 

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь