Четверг, 22 февраля 2018   Подписка на обновления  RSS  Письмо редактору
Популярно
Айыпппұл арқалағыңыз келмесе, автотұрақты дұрыс таңдаңыз
0:27, 10 июня 2017

Айыпппұл арқалағыңыз келмесе, автотұрақты дұрыс таңдаңыз


Мемлекеттің басты байлығы – халық. Демек, әрбір азаматтың мемлекет тарапынан өз құқығының қорғалуын сұрауға толық жөні бар. Осы тұрғыдан алғанда «Нұр Отан» партиясы «Кедергісіз келешек» бағдарламасы аясында мүмкіндігі шектеулі жандардың да мүддесі аяқ асты болмауын қадағалайды. Олар да қоғамның толыққанды мүшесі болғандықтан, әлеуметтік маңызы бар мекемелерде, ірі сауда орталықтарында қолайлы жағдайды сезінулері керек, яғни, ыңғайлы автотұраққа аялдап, қоларбаға таңылғандар сапалы пандусты пайдаланулары қажет.   Аталған партияның Қарасай аудандық филиалы бүгін сол мақсатта жарымжан кісілерге арналған көлік тұрақтарының жағдайын тексерді. Рейд жұмысына аудандық партия филиалының консультанттары Ералы Рахметқожаев, Қайрат Тұрғымбаев, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Шолпан Смағұлова, аудандық ішкі істер басқармасының полиция аға сержанттары Мадияр Бұтақбаев, Алмаз Рахимбаев және БАҚ өкілдері қатысты.

Алдымен комиссия мүшелері Қаскелең қаласы, Наурызбай батыр көшесіндегі «Сбербанк» ғимаратының алдындағы мүгедектерге арналған тұрақта «Mersedes Benz» көлігінің заңсыз тұрғанын бірден байқады. Сұрастыра келе, автомашинаның Ринат Жолдыбеков есімді азаматқа тиесілі екендігі белгілі болды. Тексеруші топ айыппұл салуға асықпады. Онымен сөйлесіп, бір жолға ескерту жасап, түсіндіру жұмысын жүргізді. Егер қайталанатын болса, әкімшілік құқыққа тартылатыны айтылды. Өз кезегінде жүргізуші кінәсін мойындап, көлік қоятын орын болмай, амалсыздан қойғандығын мәлімдеп, ақталды. Осыған ұқсас жағдай аудандық халыққа қызмет көрсету орталығында да орын алды. «Mitsubishi Galant» пен «Kia Rio» автокөліктерінің жүргізушілері де ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 597- бабы 4- тармағына сәйкес ережемен танысты. Содан соң, тексеруші топ аудандық орталық ауруханаға аттанды. Ол жер де кемшіліксіз болып шықпады. Ешқандай мүмкіндігі шектеулі адамдыкі екенін айғақтайтын эмблемасы жоқ «Hyundai Accent»-тің жүргізушісі мүгедектер орнына тұрақтап, өзі шаруаларымен жүре берген. Оны біршама уақыт іздестіріп, күткен комиссия мүшелері ақырында темір тұлпардың нөмірін шешіп алды. Ол ендігі кезекте құзырлы органға хабарласып, теріс қылығы үшін жауап беретін болады.

Жалпы, заң бойынша мүгедектерге арналған көлік тұрақтарында тоқтау ережесін бұзғандарға елу айлық есептік көрсеткіш (113 450 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Аз ақша емес, әрине. Сондықтан, барша ауданымыздың темір тұлпар тізгіндеушілерін дәл осы жағдайға салғырт қарамауға шақырамыз. Өйткені, әрқайсымыздың мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүру жағдайына түсіністікпен қарап, қоғамдық орындарда келеңсіздікке тап болмауын ойлай жүргеніміз жөн.


Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

© 2018 Karasayinfo.kz | Новости Карасайкого района